Фото: ТЖМ
Түркиядан Қазақстанның 42 азаматы және Қырғызстанның 22 азаматы эвакуацияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қосымша көмек көрсету үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің екінші эшелоны 8 ақпанда қажетті іздестіру-құтқару құрал-жабдықтары тиелген ұшақпен Газиантеп қаласына келіп жетті.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен кері рейспен ИЛ-76 ұшағымен 64 адам - Қазақстанның 42 азаматы және Қырғызстанның 22 азаматы Астанаға қайтарылды. Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Түркиядан 16 қазақстандық пен екі Қырғызстан азаматы эвакуацияланған болатын. Олар 8 ақпанға қараған түні ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бортымен келген.