Фото: el.kz
Қазақстандықтар Түркияда зардап шеккендерге 18 млн теңгеге жуық қаражат жинады. Бұл қаражатқа 40-қа жуық киіз үй алып, Түркияның Қазақстандағы Бас консулдығына жеткізу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл бастаманы журналист Нұрбек Бекбау көтерген, оны белгілі қазақстандық әнші Сәкен Майғазиев қолдады. Осылайша, 7 ақпаннан бастап қаражат жинау басталды және шамамен 18 млн теңге жиналды.
«Бұл қаражат шамамен 40 киіз үй сатып алуға жеткілікті. Біздің жігіттер Алматының шетінде орналасқан киіз үй цехымен келісті. Сертификатты, киіз үйлердің сапасын тексереміз. Бортқа жүктеу үшін арнайы құжаттар қажет екен. Біз қазір киіз үй сатып алуға бара жатырмыз. Камазға тиеп, Қазақстандағы Түркияның Бас консулдығына апарамыз. Түркия билігімен киіз үйлерді тезірек жеткізу үшін келіссөздер жүргізілуде», - деді Н. Бекбау ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен бірге ол шатыр жеткізуге болатын кезде неге киіз үй алып жатқанын түсіндірді.
«Біз киіз үйді жайдан-жай таңдамадық. Біріншіден, шатырда тек 5-6 күн тұрасыз, ал киіз үйде ұзақ уақыт өмір сүре аласыз. Кілем мен көрпе төсесеңіз, киіз үй жайлы үйге айналады. Екіншіден, көріп отырғаныңыздай, Түркияда үйлер қирап жатыр. Егер біз шатыр орнатсақ, төбеден құлаған бір тас шатырды зақымдауы мүмкін, ал киіз үй оңайлықпен зақымдалмайды. Киіз үйдің психикалық, психологиялық маңызы да бар. Түріктер Қазақстанды «Атажұрт» деп атайды, өйткені Қазақстан аумағы – барлық түркілердің, оның ішінде қазіргі түріктердің ата-бабаларының отаны. Біз Түркиядағы бауырларымызға әрқашан көмек көрсететінімізді және ынтымақты көрсеткіміз келеді», - деді Нұрбек Бекбау.
Әзірге бастамашылар қаражат жинауды тоқтатқан жоқ. Сатып алынған киіз үйлер Түркияның Қазақстандағы Бас консулдығына тапсырылады. Нұрбектің айтуынша, Қазақстандағы Түркия елшілігінің әуежайда өз қоймасы бар. Онда киіз үйлер сертификатқа тексеріліп, Түркияға жіберіледі.
Айта кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12,3 мыңнан асты, 62 914 адам жарақат алды. Халықты орналастыру үшін 70 818 шатыр тігілген.