10 жел, 2019 сағат 11:26

Қазақстандықтар аптасына кем дегенде 2 сағатын волонтерлікке арнауы тиіс – Тоқаев

Еңбекке қабілетті азаматтар аптасына кем дегенде 2 сағатын әлеуметтік волонтерлікке арнауы тиіс. Бұл туралы бүгін Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Волонтерлік – бұл тек тегін жұмыс емес, ол азаматтың жауапкершілігі мен әлемді жақсартуға дайындығының көрсеткіші. БҰҰ мәліметінше, волонтерліктің әлемдік экономикаға үлесі жылына 400 млрд доллардан астамды құрайды. Волонтерлікті бірреттік сенбілік пен экологиялық шара, челлендж ретінде қабылдау – қателік. Дегенмен, олар да маңызды әрі қажетті. Сондықтан, қолдаймын. Волонтерлік – бұл жүйелі әрі тұрақты қызмет»,- деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті бізді қоршаған табиғат қана емес, адамдар да қамқорлық пен көмекке зәру екендігін айтты.

«Елімізде шамамен 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оларды қолдауға мемлекет осы жылы 34 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. Дегенмен, мәселе тек қана қаржыландыруда емес. Еңбекке қабілетті азаматтар аптасына тым болмағанда 2 сағатын әлеуметтік волонтерлікке арнап, осы адамдарға назар аударуы қажет. Волонтерлікті ұлттық ауқымда ғана емес, әрбір қалада, ауылда дамыту қажет. Волонтерлер балалар алаңдарын сырлап, үйлердің кіре берістерін, аумақтарды қоқыстан тазалап, қарт адамдарға немесе ерекше қажеттілігі бар адамдарға көмектесе алады», - деді Мемлекет басшысы.