28 сәу, 2020 сағат 17:52

Қазақстандықтар 42 500 теңгені екінші рет қашан алады?

Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты табысынан айырылған қазақстандықтарға 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемнің екінші айға қашан берілетіндігі белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін екінші айға арналған әлеуметтік төлем қазақстандықтардың есепшотына бірінші төлем түскен күннен кейін бір айдан соң түседі. Яғни, 42 500 теңге төлемді сәуір айының 11-де алған азаматтар мамыр айының бірінші онкүндігінде екінші төлемге қол жеткізеді» - деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетсек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 251 мың әлеуметтік төлем тағайындалды.

Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 731 мың, екінші айда - 520 мың.

Қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға: – жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне; – карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне; – мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне; – жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор); – ҚР Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға; – нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.

1 және 2-тармақшалар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.