Елімізде бедеулігі бар жұптардың басым көпшілігі донор ретінде туыстарының жыныстық жасушасын пайдалануды қалайды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«1995 жылдан бастап Қазақстанда 85 000-ға жуық ерлі-зайыпты қосалқы репродуктивтік технологиялар әдістерімен емделді. Қазіргі уақытта елде 27 экстракорпоралдық ұрықтандыру (бұдан әрі - ЭКҰ) орталығы жұмыс істейді. Осы ЭКҰ бағдарламасын орындайтын медицина орталықтарында жеке донорлар базасы бар. Бір медицина орталығындағы донорлар базасына тіркелген жыныстық жасуша доноры, екінші медицина орталығының базасына тіркелуге құқығы жоқ. Қазіргі таңда орталықтандырылған донорлар базасын құру туралы мәселе арнайы мамандардың арасында талқыланып, осы бағытта қажетті іс-шаралар жүргізу қолға алынуда», - делінген Үкімет басшысының орынбасарының жауабында.
Оның жауабында, «Жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлығын жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрі бұйрығының 1-тарауында бір донордан 10 жыныстық жасуша алынғаннан кейін азамат донорлар базасынан шығарылатындығы айтылған.
«25 жылдың ішінде ЭКҰ бағдарламасымен 24 000 нәресте, сондай-ақ 100 жыныстық жасуша донорынан 120 нәресте дүниеге келген. Ол ЭКҰ-мен дүниеге келген жалпы бала санының 0,5 пайызын құрайды. Сонымен қатар, елімізде бедеулігі бар жұптардың басым көпшілігі донорлық ЭКҰ бағдарламасын жүргізу үшін донор ретінде туыстарының жыныстық жасушасын пайдалануды қалайды», - деген Ералы Тоғжанов сұраққа жауап беріп.