14 ақп, 2023 сағат 14:11

Қазақстандық университеттер Түркияда қалған студенттерді қабылдауға дайын

Көрнекі сурет: pixabay.com

Енді қазақстандық жоғары оқу орындары шетелде қиын жағдайда қалған отандастарымыз бен қандастарды жыл бойы жедел түрде қабылдауға дайын. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты Cыртқы істер министрлігімен өте тығыз байланыста екенін атап өтті. 

"Біз осы қиын кезеңде шетелде, соның ішінде Түркияда оқып жүрген отандастарымызды, қандастарымызды қазақстандық университеттерге қабылдауға дайынбыз. Ол үшін қабылдау ережелерін өзгерттік. Бұрын тек қана сессияның арасында немесе жазғы демалыстарда ауысу мүмкіндігі болса, енді біздің университтеттер қиын жағдайға ұшырағанда жыл бойы қабылдауға дайын. Қазірдің өзінде құжаттар тапсырылып жатыр", - деді Саясат Нұрбек Үкімет кулуарында.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның бірнеше провинциясында жойқын жер сілкінісі болды. Қаза болғандар саны отыз мыңнан асып кетті. Құрбандар арасында Қазақстанның үш азаматы да бар.