Қазақстандық оқушылар биологиядан халықаралық олимпиадада (IBO-2022) 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ереванда (Армения) өткен білім жарысына әлемнің 64 елінен 250 оқушы қатысқан.
"Еліміздің намысын Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен қалаларынан 4 оқушы қорғады. Ал бұл оқушының барлығы беделді олимпиаданың жеңімпаздары атанды.
Ұлттық құрама қоржынына Ерасыл Темірбеков, Дінмұхамед Омар және Әлихан Жұмағалеев күміс медаль әкелді. Ал қоланы Бақдәулет Ерназаров жеңіп алды.
Оқушыларымызды лайықты жеңіспен құттықтаймын! Жаңа жеңістер мен биік белестерді бағындыра беріңіздер!" - деп жазды министр.