10 сәу, 2026 сағат 13:01

Қазақстандық DarkSwitch ойыны жаһан назарын аударды: жобаға Silent Hill композиторы атсалысты

Фото: ашық дереккөз

Astana Hub қатысушысы – Cyber Temple әзірлеген DarkSwitch ойыны жарыққа шықпай тұрып-ақ халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жобаның музыкалық сүйемелдеуін жапон композиторы Акира Ямаока жазған. Ол әлемге танымал Silent Hill сериясының саундтректерімен белгілі. Бұл әріптестік қазақстандық ойын индустриясының жаһандық деңгейдегі мамандармен жұмыс істеуге қабілетті екенін көрсетеді.

Ойынның аңдатпасы жарияланған сәттен бастап-ақ қолданушылар назарын аударған. Қазіргі таңда 230 мыңнан астам адам оны күту тізіміне қосқан. Жоба өз жанрында аптаның ең көп күтілетін ойындарының топ-5 қатарына еніп, city-builder санатында 8-орынға дейін көтерілді.

DarkSwitch – дарк-фэнтези стиліндегі қала құрылысы симуляторы мен экономикалық стратегия. Ойыншылар жұмбақ тұманнан қорғану үшін алып ағаштардың айналасында қала салып, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Жоба терең сюжетімен, айқын кейіпкерлерімен және әрбір шешімнің ойын әлеміне әсер ететін механикасымен ерекшеленеді.

Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Алексей Назаров жобаны 50-ден астам маманнан құралған халықаралық команда әзірлегенін айтты. Оның жартысынан көбі – қазақстандықтар. Сонымен қатар, жобаға ТМД елдерімен қатар Испания, Польша, Сербия, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Жапония мамандары қатысқан.

Оның сөзінше, ойын төрт жылдан астам уақыт бойы жасалып, қомақты еңбек жұмсалған. Релизге санаулы күн қалғанда жоба SteamDB платформасының Upcoming Releases тізімінде 5-орынға шыққан. Бұл көрсеткіш DarkSwitch-тің әлемдегі ең көп күтілетін ойындардың бірі екенін дәлелдейді.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – тік архитектураға негізделген қала құрылысы. Шектеулі кеңістікте көпдеңгейлі инфрақұрылым жасау қажеттілігі ойынға ерекше динамика береді. Онда 80-нен астам ғимарат түрі мен бірнеше технологиялық деңгей қарастырылған. Барлық графика қолмен жасалып, ойынның бірегей стилін айқындай түседі.

DarkSwitch бәсекелі халықаралық нарықтарға бағытталған. Қазіргі таңда ойын алты тілде қолжетімді: ағылшын, француз, неміс, қытай, орыс және поляк тілдері. Дыбыстау ағылшын және орыс тілдерінде ұсынылған. Сонымен қатар, студия қазақ тіліндегі нұсқасын да әзірлеуде.

Жоба авторларының айтуынша, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар ойынды жүктеген сайын Қазақстанның туын көруі – команда үшін ерекше маңызды.

Сарапшылардың пікірінше, DarkSwitch релизі отандық геймдев индустриясының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Қазақстанда жаһандық нарыққа бағытталған, халықаралық аудиторияны қызықтыра алатын өнімдер жасайтын әзірлеушілердің қатары артып келеді.