Елімізде әскери бітімгерлерді Донбасқа жіберу мәселесі көтерілген емес. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында тілші «Егер ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйым (ОДКБ) Донбасқа әскери бітімгерлерді жіберу туралы шешім қабылдаса, қазақстандық бітімгерлер қатыса ма?», - деген сауал қойды. Тілші сауалына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов жауап берді.
«Геосаяси жағдайға байланысты аталған мәселе барша қазақстандықтарды алаңдатып отырған секілді. Айта кететін жайт, қазақстандық Қарулы күштердің елден тыс жердегі шараларға қатысуы туралы алдын ала жазылып, нормаға сай бекітілген. Қарулы күштердің бітімгерлік операцияларға қатысуы тек БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясы бойынша ғана жүзеге асырылады», - деді Сұлтан Камалетдинов.
Оның айтуынша, БҰҰ резолюция жариялаған жағдайдың өзінде мәселе алдымен ел ішінде талқыға салынады.
«Мемлекет басшысы резолюцияны негізге ала отырып, мәселені Парламенттің алдына шығарады. Егер Парламент бекітсе, онда әскери бітімгерлерді қатыстыру шешімі қабылдануы мүмкін. Дегенмен, қазір Донбасқа әскери бітімгерлер жіберу мәселесі қаралып жатқан жоқ. Ешқандай келісім немесе келіссөз де жүріп жатқан жоқ», - дейді ол.