26 там, 2022 сағат 15:23

Қазақстандық 27 оқушы қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды


Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиада жүлдегері болған оқушыларды марапаттады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Биыл дарынды балаларымыз 27 медаль жеңіп алып, өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты. Құттықтаудың өзі де балалар, олардың ата-аналары мен мұғалімдер үшін ерекше қуанышты болды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында 27 жеңімпазға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табыстадық. Бұл Мемлекет басшысының дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды" - деп жазды ол Facebook-тағы парақшасында. 


Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.

"Биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады. Біз еліміздегі барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізудің ашықтығына ерекше назар аударуды жалғастыра береміз. 

Сондай-ақ жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алады. Дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хаттар табыстадым.

Ел Президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушыларымыздың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол. Халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғаған барлық жеңімпазға тағы да алғыс айтамын. Бойларыңыздағы табандылық, қажырлы еңбек, білімге деген құштарлық қасиеттеріңіз сіздерді жаңа жеңіс пен табысқа жетелей берсін!" - деді Аймағамбетов.