Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы басқару кеңесінің төрайымы Жанат Ертілесова еліміздегі нарық пен салық жеңілдіктері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЭДЫҰ елдерінде табиғи монополиялар деген ұғым жоқ. Дамыған елдердің заңнамасында мұндай ұғым жоқ, тек реттелетін нарықтар бар. Ал Қазақстанда монополиялар ұғымы әлі советтік стандарттар бойынша реттеледі. Мұның барлығына бизнес пен шенеуніктер ресурс жұмсайды. Барлығы сараптауға келмейтін тонналаған қағаз толтырады. Мемлекеттік органдарда экономикалық сараптама ұғымы жоқ. Ал дамыған елдерде сотта да экономикалық сараптама қабылданады. Мұндай заманауи тәсілдерді енгізуді шенеуніктердің өздері құнттамай отыр. Монополияға қарсы комитет жүргізген талдаулардың барлығы баға тым жоғары, алыпсатарларды жою керек дегенге саяды. Бұлай болмайды, бәрін нарықтың өзі реттеуі керек. Ең бастысы - бәсеке болуы керек», - деді Жанат Ертілесова Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері туралы ғылыми-практикалық конференцияда.
Сонымен бірге, сарапшы салықтық саясат пен әкімшіліктендіру саласына да тоқталды.
«ЭДЫҰ елдерінде ЖІӨ-ге салықтық түсімдер үлесі Қазақстанмен салыстырғанда екі есе көп. Бұл бізде салық құны төмен деген сөз емес, бізде көлеңкелі сектордың үлесі көп. Бәрі салықшыларды жазғырады. Президент Жолдауында салық бойынша жақсы бағыттар бар. Солардың бәрі түпкі нәтижеге дейін атқарылса жақсы болатын еді. Бұл салық декларациясы мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатысты. Елімізде салық жеңілдіктеріне экономикалық бағалау жүргізілмеді. Ал бүкіл салық кодексі - жеңілдіктер. Меніңше, олардың тиімділігін бағалау қажет», - деді спикер.
Үшіншіден, шағын және орта бизнесті айтқанда, үнемі шағын бизнеске көп көңіл бөлінетінін айтты.
«Орта бизнес - еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл ең өзгермелі бизнес. Бірақ, Салық кодексінде де, Бизнестің жол картасында да орта бизнеске жеңілдік қарастырылмаған. Статистика бойынша, елімізде орта бизнес субъектілері азайып келеді», - деді Жанат Ертілесова.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының алғашқы нәтижелері талқыланды. Оған мемлекеттік органдардың, Қазақстанның ғылыми-сараптамалық қауымдастығының 80-нен астам өкілі қатысты.