Қазақстанда уақытша жүрген Өзбекстан азаматтары үшін ӨР Өлий Мәжілісі палатасына депутаттарды сайлау рәсімінде дауыс берудің тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2019 жылғы 22 қарашадағы Орталық сайлау комиссиясы қаулысына сәйкес, шетелдегі Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері жанында сайлау учаскелері құрылды. Атап айтқанда, бұл шаралар биылғы 22 желтоқсанда шетелде уақытша және тұрақты тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары үшін Өлий мәжілісі палатасына депутаттарды сайлау бойынша ұйымдастырылып отыр.
Азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы Өзбекстан Елшілігі 12-сінен 18 желтоқсанға дейін Қазақстан өңірлеріне баруды қамти отырып, алдын ала дауыс беруді ұйымдастырады.
12 желтоқсан күні Қазақстанның Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағында уақытша және тұрақты тұрып жатқан Өзбекстан азаматтарының Өлий Мәжілісі палатасына алдын ала дауыс беруі басталды.
Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша аталған өңірлерде Өзбекстанның 404 азаматы дауыс берді.
13 желтоқсанда алдын ала дауыс беру Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғимаратында жергілікті уақытпен сағат 09:00-ден 13:00 аралығында өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Елшілік өкілдері Қазақстан аумағында уақытша әрі тұрақты тұрып жатқан барлық Өзбекстан азаматтарын 22 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы ӨР Елшілігі ғимаратындағы дауыс беру шараларына шақырды.