02 жел, 2020 сағат 16:25

Қазақстанда жыл сайын халықтың 13%-ы АИТВ тестінен өтеді

Қазақстан есірткі қолданатын адамдар арасында АИТВ таралуын 2016 жылы 5%-8%-ға, 2018 жылы 7-9%-ға қысқартты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Орталық Азиядағы ЮНЭЙДС кеңсесі директорының міндетін атқарушы Габриелла Ионашку айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Эпидемия басталған кезде АИТВ инфекциясы мен ЖИТС көптеген адамға ажал құштырды. Бұл тұрғыдан алып қарағанда ЖИТС пен коронавирус ұқсайды. Бастапқы кезде ЖИТС туралы ақпарат аз еді және оны емдеу жолын ешкім білмеді. Соның салдарынан оған қатысты қауесет, стигма мен дискриминация көп болды. 2020 жылы барлық назар коронавирус инфекциясында, оның адам өміріне қалай әсер ететіндігіне ауды. Бұл пандемия денсаулық саласы қаншалықты маңызды екенін ұқтырды. Қазіргі уақытта медицина саласы дамып кеткен. АИТВ инфекция бар адам уақытылы ем ала алады және соның арқасында ел қатарлы өмір сүре алады. Қазақстанда да сондай ем қолданылады», - дейді Орталық Азиядағы ЮНЭЙДС кеңсесі директорының міндетін атқарушы Габриелла Ионашку. 

Оның айтуынша, өкінішке қарай, адамдардың көбі АИТВ жұқтырғанын кеш біліп жатады. 

«Қазақстан мемлекет қаражаты есебінен емге қатысты дәрі-дәрмек пен тестті тегін алады. Қазақстанда АИТВ инфекциясының профилактикасы бойынша маңызды қадамдар жасалуда. Соның арқасында Қазақстан есірткі қолданатын адамдар арасында АИТВ-тің таралыуын 2016 жылы 5%-8%-ға, 2018 жылы 7-9%-ға қысқартты. Қазақстанда жыл сайын халықтың 13%-ы АИТВ тестінен өтеді. Дегенмен, адамдар өз денсаулығына жауапкершілікті өз мойындарына алмаса – ешқандай шара аурудан сақтап қала алмайды», - дейді ол.