31 мам, 2021 сағат 12:52

Қазақстанда жүрген шетелдіктердің құжат рәсімдеуіне 5 күн қалды


Ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген шетелдіктерге елде жүріп-тұруды заңдастырудың мерзімі 5 маусымда аяқталатынын тағы бір рет ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бесінші маусымда Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің уақытша жүріп-тұру мерзімі аяқталады. Ол пандемияға байланысты ведомствоаралық комиссияның шешімімен 2020 жылғы желтоқсанда ұзартылған болатын. Ішкі істер органдары шетелдіктерді заңдастыру немесе азаматтығы бар елге кедергісіз қайтару жөнінде шаралар қолданады, карантиндік шектеулер кезеңінде адамдардың елден кету тәртібін түсіндіруді ұйымдастырды», - деді Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз ведомствоның онлайн брифингінде. 

Министрлік өкілі бүгінге дейін 460 мың шетелдік Қазақстанда жүріп-тұру заңдастырғанын атады. 

Полиция оларға уақытша тұруға, жұмысқа, отбасын біріктіруге, оқуға, емделуге рұқсат берген. Сондай-ақ, 6,5 мың адамға виза беріліп, мерзімі ұзартылған. 

«560 мың шетелдік өз елдеріне кетті. Сонымен қатар, Ресейден Орталық Азия елдерінің 35 мың азаматының транзиттік сапары ұйымдастырылды», - дейді министрдің кеңесшісі. 

Еске салсақ, 2021 жылғы 5 маусымнан бастап шетелдіктердің Қазақстанда уақытша жүріп-тұру мерзімі аяқталады. 

Осы күнге дейін барлық шетелдік өзі еліне қайтуы керек немесе Қазақстанда қалуын заңдастырып, визасы мен ықтиярхатының уақытын ұзартуы қажет. 

«Әкімшілік жауапкершілікке тартылмас үшін рұқсат құжаттарының мерзімі өткен немесе мерзімі өтіп кеткен біздің елдегі шетелдіктер құзыретті органдардағы өздерінің құқықтық мәртебесін уақтылы реттеу үшін көші-қон қызметіне жүгінуі қажет», - деді Нұрділдә Ораз.