РИА Новости
Бірінші жартыжылдықта 1 300-ге жуық есірткі қылмысы тіркелді. Оның 800-і есірткі өткізуге, 227-і есірткіні аса ірі мөлшерде сақтауға қатысты. Бұл туралы ІІМ есірткіге қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов баяндады, деп жазды Sputnik Қазақстан.
Спикердің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау және Павлодар облыстарында есірткі сатумен, жеткізумен, сондай-ақ синтетикалық есірткіні өткізумен айналысқан үш ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
"3,3 тоннадан астам түрлі есірткі тәркілеп алынды. Оның ішінде 2 тоннаға жуық марихуана, 366 кг гашиш және 84 кг синтетикалық есірткі бар. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында 21 есірткі зертханасы жойылды. Интернет ресурстары арқылы есірткі өткізу фактілері бойынша 103 қылмыстық іс тіркелді. Есірткі жарнамасы мен насихаттау бойынша 57 қылмыстық іс тергелуде. Есірткіге қатысты ақпарат жарияланған 1400-ге жуық интернет ресурс анықталып, бұғаттауға жолданды", – деп атап өтті Бақытжан Әмірханов.
Сондай-ақ брифинг барысында есірткіге қарсы профилактикалық айлықтың қорытындысы жарияланды. 27 мамырда басталған шара аясында жастар арасында онлайн семинар тренинг ұйымдастырылып, 150 қатысушыға сертификат табысталды.
"Айлық шеңберінде медициналық жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Республика бойынша барлығы 29 семинар өткізіліп, оған 1133 маман қатысты. Қостанай облысының полиция және қылмыстық атқару жүйесі департаменттері түсірген "Біздің заманның зұлымдығы" деректі фильмінің тұсаукесері өтті", – деп түйіндеді спикер.