04 мау, 2021 сағат 11:22

Қазақстанда ұжымдық иммунитет қашан қалыптасады – иммунолог жауап берді


Белгілі аллерголог-иммунолог Рафаил Розенсон пандемияның аяқталу ықтималдығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз пандемиялық жағдай аяқталған немесе аяқталуға жақын үш ел бар екенін білеміз. Бұл елдердің тәжірибесі нені көрсетті? Вакцина алған адамдардың 70%-ына жеткеннен кейін ауру жұқтыру көрсеткіші тоқтады (Израиль) немесе 0-ге жақындап келеді (АҚШ және Ұлыбритания). Мысалы, бүгінде Израильде 40-қа жуық адам реанимацияда жатыр. Ал бір жыл бұрын бұдан әлдеқайда көп адам ауруханада жатқан еді», - деді Рафаил Розенсон Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған дәрісте. 

Сарапшы Италия мен Испаниядағы, АҚШ-тағы жағдайларға да тоқталды. 

«Былтыр Италия мен Испанияда бір уақытта ондаған мың адам ауырғанын білесіздер. Олар вакциналауды бірінші болып бастады да, наурыз айында екпе алғандардың үлесі 65%-ға жетті. Содан кейін сырқаттану көрсеткіші азайып келеді. АҚШ-та вакциналау қаңтар айында басталды. Ал мамырда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінде олардың шамамен 70%-ы екпе алған. Сонымен қатар, ауру жағдайы ең төменгі көрсеткіштерге жақындап келеді. Британдықтар да оларды өкшелеп жетіп қалды», - деді иммунолог. 

Аллерголог инфекцияны тек жаппай вакцинация арқылы жеңуге болатынына сенім білдірді. 

«Вакцинаға қарсылар қанша айқайласа да, әлем халықтың 75%-дан астамы вакцина алса, мутацияланған вирусты жеңетінін көрсетті. Өйткені вирустың тізбегі үзіледі. Ауру жұқтыру көрсеткіші құласын десек, ең болмағанда 70-75 пайыз халық вакцина алуы керек. Менің білуімше, А.Цой мырза 1 маусымда берген есебінде 3,2 миллион қазақстандық вакцина алғанын мәлім етті. Менің түсінуімше, қазір бізде айына 2 миллион адамды вакциналау мүмкіндігі бар. Сонда ұжымдық иммунитеттің 60%-дық көрсеткішіне қол жеткізу үшін 11 млн адам қажет болса, біз қыркүйек айының соңына дейін осы межеге жетеміз», - деп түйіндеді Рафаил Розенсон.