06 мам, 2021 сағат 12:00

Қазақстанда тағы 2,6 мың адамнан коронавирус пен пневмония анықталды


Қазақстанда өткен тәулікте 2443 адамның анализінен коронавирус анықталды. Алматыда – 651, Нұр-Сұлтанда 398 науқас тіркелген. Аймақта тәуліктік көрсеткіш бойынша Қарағанды облысы (245) мен Алматы облысы (200) алда тұр.

Сейсенбі, 4 мамырда 43 адам көз жұмған: 37 адам – коронавирустан, 6 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады. Бір күнде 177 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 

6 мамырдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 43 253 адам коронавирус инфекциясынан (42 792 КВИ+ және 461 КВИ-) емделіп жатыр.

Олардың ішінде 14 489 пациент стационарда, 28 764 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 780 адамның жағдайы ауыр,

• 195 пациенттің жағдайы өте ауыр,

• 121 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.

2020 жылдың наурыз айынан бері 334 812 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктірмей, бөлек жариялап жүр. Қазақстан билігі коронавирус пневмониясына шалдыққандарды 2020 жылдың 1 тамызынан бері тіркеп келеді. Содан бері 53 299 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 823 адам қайтыс болған. 

Былтыр шілде айында елде індет өршіп тұрған шақта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда жайылып бара жатқан "өте қауіпті" пневмонияны коронавирустың нақтыланбаған түрі деп атаған. Осыдан соң билік коронавирусқа ұқсас пневмонияның есебін жүргізе бастады. 

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 3833 адам коронавирустан қайтыс болған. 

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алғандар 1 млн 565 мың адамға жетті. 460 мыңына вакцинаның екі дозасы салынған. Қазір халыққа ресейлік "Спутник V", QazVac және БАӘ елінде жасалған Қытайдың Sinopharm компаниясының екпесі салынып жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 154,7 млн адамға коронавирус жұққан. Жартысынан астамы жазылған. 3,23 млн адам қайтыс болған.