14 мам, 2021 сағат 11:22

Қазақстанда тағы 2549 адамнан коронавирус анықталды


Өткен тәулікте Қазақстанда 2549 адамнан коронавирус анықталды. Екі күн бұрын 127 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Сол күні 37 адам қайтыс болған: 33 адам – коронавирустан, 4 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады. 

Бейсенбі күні Алматыда 557 адамнан коронавирус анықталған. Бұл республика бойынша бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда – 452, Шымкентте – 125, Ақмола облысында – 130, Ақтөбе облысында – 102, Алматы облысында – 222, Атырау облысында – 75, Шығыс Қазақстан облысында – 102, Жамбыл облысында – 34, Батыс Қазақстан облысында – 123, Қарағанды облысында – 27, Қостанай облысында – 27, Қызылорда облысында – 31, Маңғыстау облысында – 46, Павлодар облысында – 102, Солтүстік Қазақстан облысында – 25, Түркістан облысында 48 адамның анализінен Covid анықталған. 

2020 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда 353 140 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 4017-і қайтыс болған. 

Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін (коронавирус пневмониясы) 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониямен ауырғаны белгісіз. Содан бері 53 884 адамға коронавирус пневониясы жұққан. 851-і содан қайтыс болды деп айтылады. 

Қазір 39 472 адам коронавирустан емделіп жатыр. 39 мыңға жуығының ПТР-тесті оң көрсеткен. 774 пациенттің жағдауы ауыр, 180 науқастың жағдайы тым мүшкіл. 110 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған. 

Елде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны басталған. Бастапқыда екпе тек дәрігерлерге егілді. Қазір тұрғындарға жаппай салынып жатыр. 14 мамыр күнгі мәлімет бойынша 1 млн 790 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 722 мың адамға екі дозасы салынған. Қазақстандықтарға ресейлік Спутник V, елде әзірленген QazVac және қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де шығарылған вакцинасы салынып жатыр. 

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 160,8 млн адамға коронавирус жұққан. Шамамен 96 млн жазылған, 3,34 млн адам қайтыс болған.