20 мамырда Қазақстанда 2267 адамның анализінен коронавирус табылды. Екі күн бұрынғы мәлімет бойынша, тағы 121 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 19 мамырда 31 адам өлімі тіркелген: 26 адам – коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.
Өткен тәулікте Алматыда – 510, Қарағанды облысында – 318, Нұр-Сұлтанда – 386, Ақмола облысында – 137, Алматы облысында – 140, Павлодар облысында – 105, Батыс Қазақстан облысында 109 адамнан коронавирус анықталды. Шымкентте – 79, Ақтөбе облысында – 72, Атырау облысында – 87, Шығыс Қазақстан облысында – 97, Жамбыл облысында – 33, Қостанай облысында – 38, Қызылорда облысында – 36, Маңғыстау облысында – 60, Солтүстік Қазақстан облысында – 23, Түркістан облысында 37 науқас тіркелген.
2020 жылдың 13 наурызынан бері 368 748 адамға Covid жұққаны ПТР тестпен расталған, 3745 адам коронавирустан қайтыс болған.
Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі – коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid статистикасына енгізбеген. Бірақ халықаралық ұйымның ықпалымен былтыр 1 тамыздан бері есепке ала бастаған. Содан бері 54 503 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 3332-і қайтыс болған.
Осы аптада Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі індет басталғалы бері бір жыл төрт ай ішінде тіркелген деректер "нақтыланғаннан кейін" коронавирустан қайтыс болғандар дерегіне 2 мыңнан астам адам өлімін енгізген.
21 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 1 млн 943 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасы салынған. 865 мыңнан астам адам вакцинаның екі дозасын алған.
Сондай-ақ, елімізде 35 198 адам коронавирус инфекциясынан (34 663 КВИ+ және 535 КВИ-) емделіп жатыр.
Олардың ішінде 13 247 пациент стационарда, 21 951 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
•727 адамның жағдайы ауыр,
•185 пациенттің жағдайы өте ауыр,
•100 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 165 млн адамға жеткен. 3 млн 430 мың адам вирустан қайтыс болған.