Қазақстанда 10 мамырда 1766 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда шамамен 400 адамға аз. Әдетте демалыс күндерінен кейін салыстырмалы түрде аз науқас тіркеледі. Бұл сондай құбылыстың көрінісі болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы мен адам өлімі бойынша екі күн бұрынғы мәліметті жариялап келеді. 9 мамырда 25 адам өлімі тіркелген: 20 адам – коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.
Өткен тәулікте Алматыда – 430, Қарағанды облысында – 262, Нұр-Сұлтанда – 249, Алматы облысында – 125, Павлодар облысында – 119, Ақмола облысында 114, Батыс Қазақстан облысында 108 адамнан коронавирус анықталды. Шымкентте – 75, Ақтөбе облысында – 24, Атырау облысында – 38, Шығыс Қазақстан облысында – 79, Жамбыл облысында – 42, Қостанай облысында – 25, Қызылорда облысында – 27, Маңғыстау облысында – 13, Солтүстік Қазақстан облысында – 12, Түркістан облысында 24 науқас тіркелген.
Елде коронавирус алғаш анықталғалы бері (2020 жылдың 13 наурызы) 346 497 адамның Covid тесті оң шыққан. 3948-і қайтыс болған. Үкімет құрған арнайы комиссия ағзасынан вирус табылса да "коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болды" деген 1,5 мыңнан астам адам өлімі ресми статистикаға енгізілмеген.
Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін өткен жылдың 1 тамызынан бері есепке ала бастады. Содан бері 53 571 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 837-і қайтыс болған.
Вашингтон (АҚШ) университеті медицина мектебінің денсаулық көрсеткіштері және бағалау институтының (IHME) зерттеуінде Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны ресми статистикада көрсетілгеннен 14,5 есе көп екені айтылған. IHME есебі бойынша, Қазақстанда Covid-19 салдарынан 81 696 адам қайтыс болған.
9 мамырда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі IHME есебінде көрсетілген мәліметті жоққа шығарды. Министрлік "пандемия басталғаннан бері Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 6575 адам қайтыс болды" деп мәлімдеді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасаған министрлік, "2020 жылдың қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясынан - 4729 адам, ал 2021 жылдың 4 айында одан 1846 адам қайтыс болды" деген дерек келтірді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы 11 айда Қазақстанда барлығы 149 мыңнан астам адам қайтыс болған. Бұл 2019 жылғы сондай кезеңмен салыстырғанда 27 мың адамға (22%) артық. Денсаулық сақтау министрлігі былтырғы артық өлім-жітімнің арасында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 4729 адамда қоспағанда, өзгелерінің ажалы басқа дерттен: қан айналымы жүйесінің, тыныс алу органдарының, жүйке жүйесінің аурулары, жұқпалы және паразиттік аурулардан болған дейді.
11 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 1,6 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасы салынған. 625 мыңнан астам адам вакцинаның екі дозасы салынған.
Сондай-ақ, 11 мамырдағы мәлімет бойынша, елімізде 41 094 адам коронавирус инфекциясынан (40 692 КВИ+ және 402 КВИ-) ем алып жатыр.
Оның ішінде 15 068 пациент стационарда, 26 026 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
Коронавирусқа шалдыққандар арасында:
• 802 адамның жағдайы ауыр
• 186 пациенттің жағдайы өте ауыр
• 105 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 158,6 млн адамға жеткен. 3 млн 299 мың адам вирустан қайтыс болған. 94,6 млн адам жазылған.