25 сәу, 2017 сағат 10:08

Қазақстанда сотталмағаны туралы анықтаманы беру мерзімі қысқартылды

Бүгіннен бастап елімізде адамның сотталғаны-сотталмағаны туралы анықтаманы беру мерзімі 22 күннен 8 жұмыс күніне дейін қысқартылып отыр. Аталған композиттік қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесе отырып іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік корпорацияның басшысы Абылайхан Оспановтың айтуынша, аталған қызмет пилоттық жоба ретінде қолға алынып отыр. Ол шетелге шығатын азаматтар үшін ыңғайлы болып тұр. Себебі ондай анықтаманың апостилі (халықаралық үлгіде жасалған куәлік, оған мөр басудың қажеті жоқ - авт.)  де бар. «Бұрын азамат соттылығының бары немесе жоғы туралы апостиль қойылған анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына екі мәрте баратын еді. Бастапқыда - сотталмағандығы туралы анықтама алу үшін, оған 5 жұмыс күні кететін. Одан кейін - апостиль қойғызу үшін, оны әзірлеу мерзімі күнтізбелік 17 күнді құрайтын. Осының барлығы шамамен 22 күнде жасалды. Қазіргі кезде азамат апостиль мөртабаны қойғызылған, сотталмағандығы туралы анықтама алуға бір өтініш береді, ал осы қызметті көрсету мерзімі сегіз жұмыс күніне дейін қысқартылды», - дейді А. Оспанов.

Айта кетейік, аталған қызметті алу үшін азамат жеке басын куәландыратын құжатты (немесе клиенттің мүддесін үшінші тұлға білдірген кезде - нотариалды куәландырылған сенімхат), мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртекті, сонымен бірге ХҚКО-да өтінішті толтыруы қажет.