27 қар, 2020 сағат 17:11

Қазақстанда соңғы айда 700-ден астам медқызметкер коронавирус жұқтырған

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда соңғы айда 747 медицина қызметкері коронавирус жұқтырғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«20 қазаннан бастап 747 медициналық қызметкер ауруды жұқтырды. Эпидемиологиялық тергеу нәтижелері бойынша 118 адам өздерінің кәсіби қызметіне байланысты коронавирус инфекциясын жұқтырған. Қалған медицина қызметкерлерінің жұқтыру жағдайы кәсіби қызметіне байланысты емес», - деді Айжан Есмағамбетова. 

Еске сала кетсек, Алексей Цой «Қазақстанда желтоқсан немесе қаңтар айларында қатаң карантин шаралары енгізілуі мүмкін бе» деген сұраққа жауап берген болатын.

«Апта сайын мәліметтерді зерттеп, алдағы кезеңдерге де болжам жасап жатырмыз. Қазір көріп отырғанымыздай, Қазақстанда карантин шараларын желтоқсан немесе қаңтар айларында енгізу мәселесі жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынымызға байланысты болады. Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Шығыс Қазақстанда мәселен жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу тенденциясын бақылаудамыз», - деді Алексей Цой.