06 мам, 2021 сағат 15:25

Қазақстанда соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден берілді


Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыста болған 665 ардагер бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Сонымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және Екінші дүниежүзілік соғысы жеңісіне үлес қосқан азаматтардың басқа да санаттарына төлемдерді жүзеге асыру үшін 6,4 млрд теңге қарастырылды. 

«Еңбек министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жеңіске үлес қосқан азаматтардың жоғарыда аталған барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде, барлық өңірлерде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына кемінде 50 мың теңге, Екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған мүгедектердің әйелдеріне, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдары тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге берілді», – деп хабарлады Ерлан Әукенов орталық коммуникациялар қызметінде. 

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 14 өңірде аталған төлемдер жасалды, ал қалған өңірлерде 9 мамырға дейін аяқталады. Сондай-ақ, Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіледі.