Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Комиссия жұмысына орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлер басшылары және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстанда соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары 3,2 есе өсті. Олардың 89%-ға жуығы екпе алмаған және соңғы 6 айда ревакцинациядан өтпеген.
COVID-19 бойынша халыққа медициналық көмектің көрсетілуіне Нұр-Сұлтан қаласындағы БМСК ұйымдарына бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижелері белгілі болды.
Қаланың 8 емханасында жүргізілген мониторинг емханалардың 12%-да (жеке медициналық ұйымдар) сүзгі-кабинет жұмысының ұйымдастырылмағанын, COVID-19 жұқтырған науқастарға қашықтан мониторинг жүргізілмейтінін, дезинфекция, маска режимі, әлеуметтік қашықтық сақталмайтынын көрсетті" - делінген хабарламада.
Вице-премьер Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне COVID-19 жұқтырған науқастармен жұмыс жүргізу алгоритмін сақтамайтын медициналық ұйымдарға тиісті шара қабылдауды және осындай тексерулерді барлық өңірде жүргізуді тапсырды.
Вакциналау деңгейі, «омикрон» нұсқасының ерекшеліктері мен денсаулық сақтау жүйесінің дайындығын ескере отырып, COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы өзектендірілді. Енді аймақтар 100 адамға шаққандағы вирус жұқтырғандар санына қарай емес, ауруханалардағы төсек-орын көрсеткіштеріне қарай анықталатын болады. Олар бұрынғыша жасыл, сары және қызыл болып үшке бөлінеді.
"Өзектендірілген матрица қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде халықтың және бизнес объектілерінің тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Матрицаның өзектендірілгені ескеріле отырып, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралды. Өңір жасыл аймақта болып, бірақ «R» саны жоғары болса, жабық орындар мен қоғамдық көлікте маска тағу ұсынылады" - делінген ақпаратта.
Өңір "сары" аймаққа ауысқан жағдайда:
- науқаспен байланыста болғандарды қашықтан жұмыс жасау нысанына ауыстыру;
- COVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған COVID-19-ға қарсы екпеге түбегейлі қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтан жұмыс жасау нысанына ауыстыру;
- білім беру ұйымдарында топтарды біріктіре отырып, іс-шараларды өткізуді болдырмау (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі);
- объектілерде санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау, объектілерде үй-жайларды күнделікті ылғалды жинау және желдету.
Сонымен қатар:
- халық көп жиналатын орындарда (әуежайлар, тж вокзалы, автовокзалдар, базарлар, СОСО, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер, көрермендерді қатыстыра отырып өткізілетін спорттық шаралар);
- ұйымдасқан ұжымдарда;
- көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, тж, халықаралық автобус тасымалдары).
Сондай-ақ Ведомствоаралық комиссия «Атамекен» ҰКП-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен қызыл аймаққа өту кезінде көзделген шараларды қосымша талқылауды тапсырды.
Отырыс соңында Тоғжанов мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге халықты вакциналау және ревакцинация жасату жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Бизнестің қызметін шектеусіз қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» ҰКП кәсіпорын қызметкерлерін вакциналаумен және уақытылы ревакцинациямен қамту, бизнес нысандарында санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды.