Өндірістік кәсіпорындар орналасқан өңірлерде өкпе ісігіне шалдығу жоғары. Бұл туралы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Нұрлан Балтабеков «Өкпе қатерлі ісігі. Озық шешімдер» тақырыбында өтіп жатқан онлайн халықаралық конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, әлем бойынша және елімізде өкпе қатерлі ісігінен көз жұматындар саны жоғары.Оған қоса, оны ертең кезеңде диагностикалау деңгейі өте төмен болып отыр.
«Қазақстанда өкпе қатерлі ісігін бірінші сатыда анықтау тек 6%-ы құрап отыр. Еуропа елдерінде де осы жағдай, тек АҚШ-та төмен дозалы томографияның арқасында бұл көрсеткіш 17-20 пайызға жетіп отыр. Елімізде өкпе қатерлі ісігімен әсіресе еркектер көп ауырады. Дегенмен соңғы 5-7 жылда әйелдер арасында ауыршаңдық өсті, өйткені әйелдер арасында текмекі шегу әдеті ұлғайған», - дейді ол.
Өкпе рагына тек темекі шегумен ғана емес, өнеркәсіптік өндіріс орындарының да әсері бар екен. Еліміз бойынша өкпе қатерлі ісігіне шалдығу Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында өте жоғары.
«Қарағанды облысының Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалаларында өкпе рагы жоғары болып тұр. Ал, өндіріс ошақтары аз және ерлер мен әйелдер арасында темекі шегу әдетке айналмаған Түркістан облысында бұл аурудың көрсеткіші өте төмен. Скрининг жұмыстарын жүргізгенде осы көрсеткіштерді ескеру қажет, яғни өндіріс ошақтары бар өңірлер бірінші кезекте назарда болу керек. Сол кезде Қазақстан бойынша аурушаңдық бірден төмендейді», - дейді Нұрлан Балтабеков.
Қатерлі ісік ауруын зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, жыл сайын 2 миллионнан астам адам өкпе қатерлі ісігімен ауырады, олардың үштен екісі – ер адамдар.
Айта кетейік, Алматыда «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Қазақстандық онкологтар қауымдастығы» ҚБ-ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан конференцияға Италия, Түркия, Испания, Ресей, Белоруссия және Қазақстанның онкологиялық орталықтардың сарапшылары қатысып жатыр.