10 қыр, 2024 сағат 11:14

Қазақстанда мерзімді қызметтегі әскери қызметке қарсы петиция жарияланды

Фото: Pixabay.com

Ресми e-petition порталында жаңа петиция кеше, 9 қыркүйекте пайда болды. Оның авторлары Қазақстанда мерзімді әскери қызметті жоюды талап етеді, деп хабарлайды ULT.KZ.

Петиция авторлары кейінгі уақытта елде әскери қызметшілердің өлім саны артқанын атап өткен. Осыған байланысты қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметті жою мәселесін көтеру өзекті болып отыр.

"Жарғыға жат қарым-қатынастармен, дайындықтың болмауымен немесе медициналық бақылаудың жеткіліксіздігімен байланысты оқыс оқиғалар, суицидтер және басқа да қайғылы жағдайлар мерзімді әскери қызметті жалғастырудың мақсатқа сайлығына күмән келтіреді", - делінген петицияда.


Петиция авторлары өз дәлелдері ретінде мынадай мәселелерді көрсетеді:

Әлімжеттік және жарғыға қайшы қарым-қатынастар мәселесі. Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі — жарғылық емес қарым-қатынастар немесе "дедовщина" деп көрсетілген.

Психологиялық дайындықтан және бейімделуден өтпеген әскерге шақырылғандар үлкен сарбаздардың қысымы мен зорлығына ұшырайды. Бұл ауыр психологиялық жарақаттарға және тіпті суицидке әкеледі деп есептейді петиция авторлары.

Авторлардың пікірінше, мерзімді қызмет жиі тиісті деңгейде дайындық бермейді – шақырылушылар тек негізгі оқудан өтеді, бұл күрделі әскери тапсырмаларды тиімді орындауға жеткіліксіз.

Медициналық бақылаудың және қауіпсіздіктің жеткіліксіздігі. Петицияда мерзімді қызмет кезінде шақырылушылар жиі медициналық мәселелерге тап болатыны, олардың уақытылы анықталмайтыны айтылған. Әскерге шақырылғанға дейін және қызмет кезінде жеткілікті медициналық бақылаудың болмауы алдын алуға болатын аурулардан өлімге әкелетін жағдайларға себеп болып отыр.

Психологиялық қысым және суицид жағдайлары. Петиция авторларының жазуынша, көптеген жас әскери қызметпен байланысты психологиялық қысымға төтеп бере алмайды. Психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігі және командирлер тарапынан түсінбеушілік бұл проблеманы ушықтырып, суицидке әкелуі мүмкін.

Шақырылушылар үшін жеке мотивацияның және қызмет маңызының болмауы.

"Мерзімді қызмет көптеген адамға олардың жеке еркіндігін және мансаптық мүмкіндіктерін шектейтін міндет ретінде қабылданады. Бұл сарбаздардың төмен мотивациясына әкеледі, бұл өз кезегінде олардың жауынгерлік тиімділігін төмендетіп, қайғылы жағдайлардың санының өсуіне ықпал етуі мүмкін. Қазақстандағы шақырылушылар арасындағы өлім-жітім әсіресе жарғылық емес қарым-қатынастар, жеткіліксіз дайындық және тиімді медициналық бақылаудың болмауы жағдайында мерзімді қызметтің осалдығын айқындайды. Кәсіби армияға көшу тек қауіпсіздік пен қызмет жағдайын жақсартып қана қоймай, әскери қызметшілердің біліктілік деңгейін арттырып, қайғылы оқиғалар санын азайтар еді", – делінген петицияда.


Әзірге петицияға дауыс беру мүмкін емес – ол 4 қазанға дейін созылуы мүмкін модерация кезеңінен өтіп жатыр. Дегенмен, осы уақытқа дейін оны 17 мыңнан астам адам көріп үлгерген.

Еске сала кетейік, өткен демалыс күндері Маңғыстау облысындағы полигонда мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапқан болатын. Қасақана кісі өлтірді деген күдікпен взвод командирі ұсталды. Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, трагедияның мән-жайын анықтау үшін вице-министрдің басшылығымен арнайы комиссия құрылған.