Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу кезінде электрондық құжаттарға қол қою технологиясы ретінде ЭЦҚ-ның орнын QR алмастырады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында хабарлады.
Министрдің сөзінше, 14 қазанда мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде электронды-цифрлық қолтаңбадан бас тарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан құжаттар алу, емханаға тіркелу және бизнеске арналған қызметтерді жетілдіру мәселелері қарастырылған.
"Менің ойымша, біз бірінші кезекте халыққа электрондық қызметтерді пайдалану ыңғайлы екеніне көз жеткізуіміз керек. Қазіргі уақытта QR арқылы қол қою механизмі әзірленді, ол ыңғайлы және қауіпсіз. Оны барлық порталдарға енгізу ғана қалды. Бұл жұмысты жандандыру және NCALayer жүйесінен толық бас тарту бойынша тапсырма бердім.
Отырыс барысында мынандай мәселе көтерілді. Кейбір жағдайларда қызмет алушылар қандай да бір құжаттың дайын болғаны туралы СМС хабарлама алып, ХҚКО-ға келгенде оның әлі жеткізілмегенін біліп жатады. Біз бұл қызметті жетілдіріп жатқанымызды және жақын уақытта адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта келмей, қызметтерді электрондық түрде, уақытында алатынын атап өтемін.
Сондай-ақ, жақын арада емханаға тіркелу процесін толық автоматтандыру жоспарланып отыр. Мұндай бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Яғни, өтініштер қағаз түрінде қаралмайды, жүйенің өзі бәрін тексереді және тіркейді, ал көшкен кезде адамға жаңа тұрғылықты жері бойынша емхана ұсынылады", - дейді министр.
Сонымен қатар, кеше Әділет министрлігінің бастамасымен деректерді өзгерту процестерін жеңілдету, мысалы, тіркеу мекенжайын өзгертуге қатысты ұсыныс қаралған.
"Бұл қызмет банктердің қосымшаларында қолжетімді болады. Тек техникалық тұрғыда іске асыру ғана қалды, сондықтан мен бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырдым.
Одан бөлек, мемлекеттік қызметтер үшін төлем енгізу жағдайы талқыланды.
Шетелдіктердің қызмет алуы кезінде ақы төлеу жүйесін енгізуге баса назар аударылды. Мен мүдделі мемлекеттік органдардағы (Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Қаржы министрлігі) және Үкіметтегі әріптестеріме келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін төлем енгізу механизмін әзірлеуді тапсырдым", - деп түйіндеді Мусин.