07 шіл, 2022 сағат 16:27

Қазақстанда мектеп оқулықтарының тізімі жаңартылды


Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 маусымдағы №291 бұйрығымен орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің электрондық нысандағы тізбесі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің бұйрығы «Әділет» нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды. 

«Бұйрықпен бекітілген орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық нысандағы тізбесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын», - делінген министр бұйрығында. 

Сондай-ақ, ведомство басшысы Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес аталған бұйрықты Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуін міндеттейді. 

Ресми тіркеуден өткен соң бұйрық Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында орналастырылады. 

Одан бөлек, бұйрықтың алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетіні айтылған. 

Мектеп оқулықтары мен мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешеннің электрондық нұсқасымен осы сілтеме арқылы танысуға болады.