Фото:elements.envato.com
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазақстандық инфекционистер маймыл шешегі ауруын емдеу хаттамасын әзірлеп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бүгінде бізде маймыл шешегін анықтауға арналған 1300 сынақ бар. Егер күдік болса, науқастан нақты осы вирусқа сынама алып, тексеруге мүмкіндігіміз бар. Бізде инфекцияға күдік болған жағдайлар тіркелген жоқ, осыған ұқсас аурумен ауыратын барлық науқасты бақылаймыз. Ғалымдар, жұқпалы аурулар бойынша мамандарымыз бұл ауруды емдеудің клиникалық хаттамасын дайындап жатыр", - деді Ғиният журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Сондай-ақ, министр маймыл шешегі ауруына тән белгілерді айтты.
"Емдеу тұрғысынан ДДСҰ симптомдар бойынша ем қолдануды ұсынады. Бүгінде ғалымдар және осы инфекция таралып жатқан елдер, негізінен мына симптом туралы айтады: ағзаның улануы және бөртпе. Симптомдар бойынша ем жүргізіледі. Бүгінде кейбір елдер вирусқа қарсы тәжірибелік препаратты зерттеп жатыр. Оны біз де зерттеп жатырмыз. Оның клиникалық сынақтан өтуі маңызды. Клиникалық сынақтар сәтті өтсе, оны маймыл шешегін емдеу хаттамасына ұсынамыз және қосамыз", - деп қосты ол.
Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, Қазақстанда маймыл шешегі ауруына қарсы бірде-бір сынама қолданылмаған.
"Аурудың классикалық көрінісі біздің елде тіркелмеді", - деп қорытындылады Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Нью-Йорк пен Калифорнияда маймыл шешегінің өршуіне байланысты төтенше жағдай (ТЖ) жарияланған болатын.