23 сәу, 2021 сағат 07:03

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 300 мыңнан асты

22 сәуірде Қазақстанда 2894 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 2893 болған. (Бұл мәліметке коронавирус тесті оң шыққан науқастар ғана кіріп отыр).

Бейсенбі күні Алматыда – 698, Нұр-Сұлтанда 511 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Қарағанды облысында – 228, Ақтөбе облысында – 226, Алматы облысында 195 науқас тіркелген. Өткен айдың соңынан бері Алматы облысында алғаш рет 200-ден төмен көрсеткіш тіркеліп отыр. 

2020 жылдың наурыз айынан бері 300 733 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 

Ал, 22 сәуірдегі мәлімет бойынша, 40 441 адам коронавирус инфекциясынан (39 943 КВИ+ және 498 КВИ-) емделіп жүр. Олардың ішінде 14 387 пациент стационарда, 26 054 науқас амбулаториялық деңгейде емделіп жүр. 

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 689 адамның жағдайы ауыр;

• 171 пациенттің жағдайы өте ауыр;

• 97 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні 107 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған, 29 адам – коронавирустан, 3 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады. 

2020 жылдың 1 тамызынан бері коронавирус пневмонияға шалдыққандар 52 255-ке жеткен. 764 адам өлімі тіркелген. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының базасында коронавирус пневмониясы "белгісіз вирус, Covid-19" ретінде көрсетілген. 

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа ұқсас пневмония есебін 2020 жылдың 2 тамызынан бастап жариялай бастаған. Коронавирус пневмониясы былтыр жаздың алғашқы екі айында қатты өршігеніне қарамастан жалпы статистикаға маусым мен шілде айларының мәліметі кірмеген. 

2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 3512 адам өлімі тіркелген. Оған арнайы комиссия "Covid-тен емес, басқа аурудан қайтыс болды" делінген мыңнан астам адам өлімі енбеген. 

Көптеген сарапшылар коронавирус жұққандар мен одан қайтыс болғандар ресми мәліметте көрсетілген деректен әлдеқайда көп деп санайды. Індет өршіген шақта маусым мен шілде айларында коронавирустың жеңіл немесе орташа ауыр түріне шалдыққандар үйде емделіп, медициналық мекемелерге бармаған. Кейбірі ауруханада орын болмағанын айтқан. 

Қазақстанда былтыр адам өлімінің ресми көрсеткіші де өте жоғары болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр 11 айда елде 149 мыңнан астам адам қайтыс болған. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға (27 мың адам) көп. 

Министрліктің мәліметінше, елде 823 498 адам (халықтың 4,3 пайызы) коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасын алған. 

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 144,3 млн адам коронавирусқа шалдыққан, үш миллионнан астамы қайтыс болған.