27 сәуірде Қазақстанда 2682 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл туралы 27 сәуірде таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Дүйсенбі күні Алматыда 698 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұл - республика бойынша бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда – 439, Қарағанды облысында – 256, Алматы облысында – 268, Батыс Қазақстан облысында – 173, Ақмола облысында – 139, Ақтөбе облысында 83 науқас тіркелген. Атырау облысында – 98, Шығыс Қазақстан облысында – 78, Павлодар облысында – 103, Шымкентте – 90, Қызылорда облысында – 57, Жамбыл облысында – 69, Маңғыстау облысында – 55, Түркістан облысында – 22, Солтүстік Қазақстан облысында – 29, Қостанай облысында 25 адамнан Covid анықталған.
2020 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда 314 082 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3621 адам коронавирустан қайтыс болған. Бұл статистикаға "коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болды" делінген мыңнан астам адам (кемінде 1619 адам) өлімі енбей қалған.
Денсаулық министрлігі адам өлімі мен коронавирус пневмониясына шалдыққандарға қатысты екі күн бұрынғы мәліметті жариялап келеді. 26 сәуірде 26 адам, яғни 22 адам – коронавирустан, 4 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады.
Қазақстан үкіметі былтыр тамыздан бастап анализінен коронавирус анықталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 2020 жылдың 1 тамызынан бері 52 627 адамға (26 сәуірде 156 науқас тіркелген) коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Басым бөлігі жазылған. Пневмонияның осы түрі 786 адамның өліміне себеп болды деп айтылады.
Қазір 42 486 адам коронавирустан емделіп жатыр. 42 мыңнан астамының коронавирус тесті оң шыққан. 770 адамның жағдайы ауыр, 193 адамның жағдайы өте ауыр. 109 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Министрлік мәліметінше, коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын кемінде 1 млн 16 мың адам алған. Осы аптада халыққа Covid-ке қарсы қазақстандық QazVac вакцинасы да салына бастады. Вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен толық өтпеді. Қазір елде негізінен ресейлік Спутник V вакцинасы салынып жатыр. 27 сәуірде Қазақстанның коронавирусқа қарсы қытайлық вакцинаны да сатып алғаны белгілі болды.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда, әлемде коронавируспен тіркелгендер саны 148 миллионнан асқан. Оның 3 миллионнан астам адамқайтыс болған.