13 мам, 2021 сағат 11:15

Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 350 мыңнан асты


Өткен тәулікте Қазақстанда 2283 адамнан коронавирус анықталды. Екі күн бұрын 173 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Сол күні 25 адам қайтыс болған: 20 адам – коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады. 

2020 жылдың наурыз айынан бері Қазақстанда 350 591 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3984-і қайтыс болған. 

Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін (коронавирус пневмониясы) 1 тамыздан бері есепке алып келеді. Оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониямен ауырғаны белгісіз. Содан бері 53 757 адамға коронавирус пневониясы жұққан. 847-і содан қайтыс болды деп айтылады. 

Қазір 39 626 адам коронавирустан емделіп жатыр. 39 143-інің ПТР-тесті оң көрсеткен. 788 пациенттің жағдауы ауыр, 183 науқастың жағдайы тым мүшкіл. 116 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған. 

Елде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны басталған. Бастапқыда екпе тек дәрігерлерге егілді. Қазір тұрғындарға жаппай салынып жатыр. 13 мамыр күнгі мәлімет бойынша 1,75 млн адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 700 мыңнан астамына екі дозасы салынған. Қазақстандықтарға ресейлік Спутник V, елде әзірленген QazVac және қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де шығарылған вакцинасы салынып жатыр. 

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 160 млн адамға коронавирус жұққан. Шамамен 95,9 млн жазылған, 3,32 млн адам қайтыс болған.