22 қарашада Қазақстанда 44 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, бір күнде 27 науқас жазылды. Коронавирус жұққаны ПТР-тестпен дәлелденген науқастар арасында 7 адам өлімі тіркелді.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 41 203 адамға жеткен, 30 086-ы жазылған. 427 адам қайтыс болған. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, өткен тәулікте шамамен 40 мың тест жүргізілген.
Американың Джонс Хопкинс университетінің рейтингісінде Қазақстан коронавирус жұқтырғандар бойынша әлемде 50-орында тұр. Бірақ халықаралық ұйым коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген ұлттық статистикаға (оған сәйкес, Қазақстанда 126 мыңнан астам адамға Covid жұққан) сүйеніп, рейтингіні түзген.
Елде коронавирус жұқтырғандар мен "пневмонияға" шалдыққандар 167 385 адамға жеткен.
Наурыз айынан бері коронавирус жұқтырғаны тестпен дәлелденгендер арасында 1990 адам өлімі тіркелген.
Денсаулық сақтау министрлігі аймақтағы "пневмония" ахуалы жайлы мәліметті сирек жариялайды.
Қазір коронавирус инфекциясынан – 11 мың, коронавирус пневмониясынан 11 мың адам емделіп жатыр. Оның арасында 644 бала бар. Ал, коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 200 адамның жағдайы – ауыр, 30 адамның халі – өте ауыр, 22 адам тыныс алу аппаратына қосылған.