23 қарашада Қазақстанда 20 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, бір күнде 30 науқас жазылды. Пневмонияның бұл түрінен 1 адам қайтыс болды.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 41 223 адамға жеткен, 30 116-ы жазылған. 428 адам қайтыс болған.
Дүйсенбі күні коронавирус жұққаны ПТР-тестпен дәлелденген науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелді. Наурыз айынан бері 1996 адам қайтыс болды. Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың өліміне "коронавирус" себеп болды дейді.
Американың Джонс Хопкинс университетінің рейтингісінде Қазақстан коронавирус жұқтырғандар бойынша әлемде 50-орында тұр. Бірақ халықаралық ұйым коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген ұлттық статистикаға (оған сәйкес, Қазақстанда 126 мыңнан астам адамға Covid жұққан) сүйеніп, рейтингіні түзген.
Елде коронавирус жұқтырғандар мен "пневмонияға" шалдыққандар 168 083 адамға жеткен.
Қазір коронавирус инфекциясынан – 11 мың, коронавирус пневмониясынан 11 мың адам емделіп жатыр. Коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 211 адамның жағдайы – ауыр, 28 адамның халі – өте ауыр, 24 адам тыныс алу аппаратына қосылған.