Қазақстанда 1,6 млн шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мәдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сәйкес, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,6 млн бірлікті, ал шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 2019 жылдың 1 шілдесінде шамамен 3,3 млн адамды құрады», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, шағын және орта бизнес кәсіпкерлік саладағы ахуалдың жақсаруына кәсіпкерлік қызмет жөніндегі заңнамаға жүргізілген жүйелі реформалар септігін тигізіп отыр. Бұл жұмыстар 2014 жылы 2020 жылға дейін кәсіпкерлікті қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасын қабылдау арқылы жүзеге асырыла бастаған еді. Мұнан бөлек, 2015 жылы «Doing Business» рейтингі аясында бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған заңнамалық бастамалардың 7 топтамасы қабылданды.
«Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасына сәйкес, бизнесті реттеуді жетілдіру, оның ішінде мемлекеттік бақылау және қадағалау, рұқсат беру жүйесі, бизнес қызметіне негізсіз араласуға тыйым салу сынды түбегейлі реформалар жүзеге асырылды», - деді Жасұлан Мәдиев.