15 сәу, 2021 сағат 15:27

Қазақстанда қанша елдімекенді су басу қаупі бар?

Төтенше жағдайлар министрлігі көктемде су басу қаупі бар 905 елдімекенді анықтады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомствоның мәліметінше, жалпы 2017-2020 жылдары елімізде көктемде су басу қаупі бар 905 елдімекен анықталды. Су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша Жол картасын іске асырудың арқасында үш жүзден астам (315) елдімекенді су басу қаупі сейіліп, 300 мыңнан астам адам тұратын тағы 314 елдімекенде қатер азайған. 

Жалпы жол картасы аясында 26 гидротехникалық құрылыс жөнделген: Солтүстік Қазақстан облысының Кожевенный кентіндегі қоршау бөгеті қайта жаңартылған (2638,9 млн теңге); Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы М. Шорман бөгетінің шайылып кеткен учаскесі қалпына келтірілді (1364,9 млн теңге); Ақтөбе облысы Алға ауданының Елек өзені бойындағы қорғаныс бөгеті күрделі жөндеуден өткен (130 млн теңге). 

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі елімізде 46 үй мен 67 автожолды су басқанын айтқан еді.