Қазақстанда коронавирусқа қарсы 4 вакцина қолжетімді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Коронавирусқа қарсы халықты вакцинациялау жалғасуда. Бүгінде шамамен 3,2 млн доза қолданылды. Оның ішінде бірінші компонентпен 2 121 519 адам екпе алды. Бұл екпе алуға тиісті халықтың 21 пайызын құрайды. Екінші компонентпен 1 074 954 адам қабылды», - деді министр.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта екпе пункттерінде вакцина дозасы жеткілікті. Атап айтқанда 1-компоненттен 330 мың, 2-компоненттен 811 мың доза бар.
«Бұған қоса, маусым айында COVID-19-ға қарсы вакцинаның шамамен 2 млн екі дозасы жеткізіледі деп күтіліп отыр. Бүгін Қытай Халық Республикасынан CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасын алдық. Осылайша, Қазақстан 4 вакцина қолжетімді. Вакцинациялау жалғасуда», - деді Алексей Цой.