13 мам, 2022 сағат 13:10

Қазақстанда ғарышқа ұшуды армандайтын туристер үшін эксперименттік кешен құрастырылады


Қазақстанда ғарышқа ұшу модельдерін зерттеу және ғылыми сынақтар жүргізетін эксперименттік құрлық кешенін құру жоспарланған. Бұл туралы Ташкентте өткен «Space Technology Сonference Central Eurasia» конференциясында «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК« АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ғарыш саласы – еліміз үшін ғылым мен техниканың тың бағыты, ғарыштық технологиялар, геофизика, медицина және биология, биотехнологиялар және іргелі ғылымдар саласындағы ғылыми сынақтар ғарыш жетістіктерін кез келген қызмет саласына ендіруге мүмкіндік береді», - деді Айдын Айымбетов.

«Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының мәліметінше, эксперименттік құрлық кешені ғарыш стансасының бір бөлігі түрінде тұрғызылып, онда зерттеушілер ұзақ мерзімді сынақтар жүргізеді. Модульдің жұмысқа жарамдылығына жергілікті тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері жауап береді. Кешен ғарыштағы жағдайға барынша жақындатылады. Зерттеу қатысушылары сол ортада жұмыс істейтін болады. 

Кешеннің негізгі міндеттеріне ғарыш қызметінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін, медициналық профилактика құралдарын, экипаждың жұмысқа қабілеттілігі мен сергектігін, экипаждың дербестігін, оқшаулану салдарын және онымен байланысты физиологиялық стрессорларды зерделеу кіреді.

«Орталық Азиядағы алғашқы ғарыштық зерттеу модулі көптеген энтузиаст жандардың арманын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ғарышқа ұшу бақыты бүкіл әлемде ондаған адамдарға ғана бұйыруы мүмкін. Ал қазақстандық эксперименттік кешен болашақта жүздеген ғалымдар мен мыңдаған туристі қабылдайтын болады», - деді жобаның серіктесі Eurasian Space Ventures жеке ғарыш компаниясының негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов.

«Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының ақпаратына сүйенсек, эксперименттік құрлық кешенінің сыртқы және ішкі түрі қазіргі уақытта қарқынды пысықталып жатыр және биыл таныстырылатын болады.