15 қаз, 2019 сағат 11:40

Қазақстанда электронды денсаулық паспорты іске қосылды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық құжаттаманы қағазсыз цифрлық жүйеге көшіру аясында денсаулық сақтау ұйымдарында пациент туралы ақпаратты жинау, сақтау және алмасу үшін электронды паспортты енгізді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Электронды денсаулық паспортының негізгі мақсаты - медицина саласындағы бүкіл мәліметті жинақтау, талқылау және ары қарай қандай шешім қабылдау керектігіне көмектесу», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, 2018-2019 жылдар аралығында медициналық ұйымдарда 600-ден астам қағаз түріндегі есептік-тіркеу жүргізілген.

«Еліміздегі азаматтар емхана немесе медициналық ұйымдарға барған кезде бұл мәліметтер электронды денсаулық паспортына жазылады. Осылайша сіз Электронды үкімет порталы немесе мобильді қосымша арқылы қай емханаға тіркелгеніңізді, сізді қай дәрігер емдейтінін, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында қандай дәріні тегін алатыныңызды, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін басқа да медициналық қызмет түрі туралы біле аласыз», - дейді Олжас Әбішев.

Вице-министр цифрландырудың арқасында медицина саласындағы заңбұзушылықтар анықталғанын айтты.

«Өткен жылы біз 100 мың адамға тегін дәрі-дәрмек берілгені тіралы СМС-хабарлама жіберіп, 8 мың адамнан тегін дәрі-дәрмек алмағаны туралы жауап алдық. Осындай алаяқтық әрекеттер цифрландыру арқылы анықталды», - дейді ол.