БҚО мен Павлодар облысында екі жоғары лауазымды полицей сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақында Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің 4-рота командирінің қылмыстық әрекеті тоқтатылғаны хабарланды.
"Ол жүйелі негізде қарамағындағы қызметкерлерден қызметі бойынша жалпы қамқорлығы үшін пара алып отырған (Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша).
27 сәуірінде Арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында Шымкент қаласы ПД АББ-мен бірлесіп, қарамағындағы қызметкерлерден кезекті пара алғаннан кейін күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ведомство өкілдері.
29 сәуірде Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты оған қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Сонымен қатар, бірқатар өңірде полиция бөлімшелерінің басшыларына қатысты айыптау үкімі шыққаны хабарланды. Мысалы, Павлодар облысында 26 сәуірде көші-қон режимін бұзу дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны үшін Өзбекстан Республикасының азаматынан пара алған Павлодар қаласы ПБ көші-қон қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция капитаны Е. Әубәкіров 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал Батыс Қазақстан облысында, ІІМ мәліметінше, 27 сәуірде БҚО бойынша ПД Ақжайық аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры А. Әбілхайыров 7,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол Орал қаласының тұрғынынан қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 500 мың теңге алуға оқталды деп айыпталды.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және арнаулы атақтарынан айырылды. Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.
1059 рет оқылды