ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен, түрмеге қамалғандарға тиісті жағдай жасау мақсатында ағымдағы жылдың соңынан дейін орташа қауіпсіздіктегі екі түзеу мекемесі: Қостанай облысындағы Құсмұран кентінде орналасқан УК-161/4 және Шығыс Қазақстан облысындағы Шуақ кентіндегі ОВ-156/17 мекемесін жабу жоспарланған. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ ҚАЖ комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Белгілі болғандай, соңғы онжылдықта Қазақстанда түрмеге қамалғандар саны екі еседен көп азайған. Осыған байланысты, біз ең ескі, сәулет және техника жағынан ескірген абақтыларды біртіндеп жабу бойынша жұмыстарды жүргізіп жүргенімізге бірнеше жыл болды. Мысалы, былтыр төрт мекеме жабылды. Негізінен облыс орталықтарынан алыс орналасқан мекемелер жабылуда, себебі ондағы сотталушыларды жұмысқа тұрғызып, қызметкерлерді жұмысқа алу мәселелері күрделі. Үнемделген қаржы басқа пенитенциарлық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан нығайтуға бағытталады», - деп атап өтті ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының м.а Есқали Саламатов.
Комитеттің хабарлауынша, жабылып отырған мекемелердің қызметкерлері жұмысын ведомствоның басқа бөлімшелерінде жалғастырады. Ал ондағы сотталушыларға келетін болсақ, олар коммуналдық-техникалық жағдайы жақсы осыған ұқсас жақын мекемелерге біртіндеп көшіріледі.
Сондай-ақ, заңнама талаптарына сәйкес, мекеме басшылығы сотталушының жазасын өтеу орнына келуі жөнінде оның ең жақын туыстары немесе заңды өкілдеріне уақытылы, жазбаша үлгіде ескерту жібереді.