Мәжіліс депутаттары «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа заң жобасын ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстанның өсімдіктер дүниесі ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6 мыңнан астам түрін құрайды.
«Оның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдік бар, 390 түрі – ҚР Қызыл кітабына енгізілген, 110 түрі – реликті өсімдіктер, сондай-ақ 700 эндемикалық өсімдік түрлері бар. Қазіргі уақытта Қазақстаннан экспортталатын дәрілік өсімдіктерінің тізіміне 14 түрі кіреді – бұл мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары. Реттеусіз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуда», - деді Экология министрі Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинаудың артуына сыртқы нарықтардағы сұраныстың көбеюі ықпал ететінін, кедендік статистика деректері бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары – Қытай, Түркия және АҚШ болып отырғанын айтты.
Мысалы, Қытайға 2018 жылдан 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталды, бұл жалпы Ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған мия тамырын нақты өңірлер бойынша дайындау көлемінен едәуір асып түседі.
«Тағы бір реттелмеген мәселе – республика аумағына өсімдіктің бөтен түрлерін бақылаусыз әкелу болып отыр. Өсімдіктің бөтен түрлері енгізілген жағдайлар бар. Мәселен, «Медеу» өңірлік табиғи паркінің аумағында Солтүстік Америкадан әкелінген «Асер Негундо» үйеңкі ағашының таралуы байқалады, ол кәдімгі өрік пен Сиверс алмасын ығыстырады. Сондай-ақ, елімізге инвазиялық зиянкестермен және аурулармен залалданған бөгде өсімдік ресурстарын әкелу қаупі бар. Мысалы, Алматы қаласының жасыл екпелерінде Каштанды зақымдайтын Охрид кенішінің және емен екпелеріне зиян келтіретін емен игеуішінің белсенді таралуы байқалады», - деді Брекешев.
Осылайша, Экология министрінің айтуынша, нормативтік-құқықтық базаның болмауы және өсімдік дүниесі объектілерін бақылаусыз пайдалану табиғи өсімдік ресурстарының сақталуына теріс әсер етіп қана қоймай, дәрілік өсімдіктерді өндіруге және қайта өңдеуге салынатын инвестицияларға кедергі келтіріп отыр.
«Құрметті депутаттар! Заң жобасын қабылдаудағы мақсат – республиканың бүкіл аумағында өсімдіктер дүниесін қорғау, молайту және ұтымды пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді енгізу. Қазіргі уақытта өсімдіктер дүниесін пайдалануды реттеуге байланысты жекелеген нормалар ҚР Орман, Экология, Жер, Су, Кәсіпкерлік кодекстерін, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңдарын қамтиды. Осыған байланысты «Өсімдіктер дүниесі туралы» арнайы заңды қабылдау қажеттігі бар, ол Қазақстан ратификациялаған халықаралық конвенция ережелеріне де негізделген», - деді Серікқали Брекешев.