Еліміздегі балабақшаларда болып жататын түрлі келеңсіз және дау-дамай жағдайларға қатысты талдау жұмысы қолға алынды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова Oqu-ağartu LIVE эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балабақшаларда болып жататын келеңсіз жайттар бойынша бүгінде талдау жүргізіп жатырмыз. Соңғы бір жыл ішінде мемлекеттік аттестациядан өтпей қалған балабақшалардағы басты мәселе - педагогтардың жетіспеушілігі. Келесі жайт - мамандардың біліктілігін арттыру. Сол сияқты қауіпсіздік мәселесі де маңызды болып отыр. Ата-аналардың пікірін ескеру мақсатында балабақша қызметіне қаншалықты көңілі толатындығына қатысты сауалнама жүргізіп жатырмыз», - деді Гүлзат Көбенова.
Комитет басшысының мәлімдеуінше балабақшаларға қатысты аталған мәселе бойынша 21 шілде де қоғамдық тыңдау өтеді.
«Соңғы 1 жылдың ішінде балабақша жұмысына қатысты біздің комитет пен өңірлік департаменттерге 3 мыңға жуық арыз-өтініш келіп түсті. Келіп түскен өтініш-арыздар бойынша тиісті тексеру жүрді. Оның қатарында Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау, Ақмола облысы бар. Кейбір фактілер дәлелденді, нәтижесінде жауапты тәрбиеші жұмыстан босатылды. Кейбір ата-аналар тек бізге емес, құқық қорғау органдарына да жүгініп жатады. Соңғы жарты жылдың ішінде бізге осындай 15 шағым түсті. Ол бойынша тиісті шара қабылданды. Әрине, барлық балабақша бірдей емес. Тиісті талапқа сай жұмыс істейтін балабақшалар да баршылық», - дейді ол.
Бұған дейін елімізде балабақшаларды лицензиялау 2024 жылдан басталатынын хабарлаған едік.