Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің айлығы мен мәртебесін арттыру көзделуде. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице- министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда «әлеуметтік қызметкер» ұғымының бірыңғай түсіндірмесі жоқ. Сондықтан әлеуметтік қызмет саласының мамандары сан-салалы секторға жауапты болып көрінуі мүмкін. Осыған байланысты барлық ведомство үшін бірыңғай квалификациялық талаптар мен ережелерді бекітуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, «әлеуметтік қызмет», «әлеуметтік қызметкер» ұғымдарының мағынасын айқындап, олардың мәртебесі мен айлығын арттыру керек», - деді Ерлан Әукенов «Балалық шақты қорғау жүйесінің тиімділігі және баланың әл-ауқаты: мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта пилоттық режимде әлеуметтік қызметкерлерді тестілеуден өткізу жөнінде ЮНИСЕФ-пен бірге бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Тест әлеуметтік қызметкерлердің көңіл-күйін білуге, екінші жағынан олардың жұмысты лайықты атқара алатынын, заңнама мен Әдеп кодексін қаншалықты білетінін анықтауға бағытталған.
Ерлан Әукенов әлеуметтік қызмет жұмысының мәртебесін арттыру арқылы осы саладағы мамандардың сапалы құрамы жасақталатынына сенімді. Ал олардың айлығы артса, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы білім немесе денсаулық сақтау саласындағы әріптестерінің ақшасымен теңеседі. Дәл қазір олар аталған саладағы әріптестерінен екі есе аз айлық алады.