Ішкі істер министрлігі азаматтығы анықталмаған адамдарды анықтау және құжаттандыру науқаны кезінде 4 686 тұрғынның құжатсыз күнелтіп жүргенін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2020 жылдың қыркүйек айынан бастап мамыр айына дейін Ішкі істер министрлігі «Адам құқықтарының заңдылығын сақтау жөніндегі халықаралық бюро» және «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп азаматтығы анықталмаған адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша ауқымды сәйкестендіру науқанын жүргізген болатын.
Көші-қон қызметі комитетінің бөлім басшысы Ғани Шымырбаев осы науқанның алғашқы қорытындысын жариялады.
«Акцияның мақсаты – Қазақстан Республикасының аумағында құжатсыз немесе 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен тұратын адамдар ішкі істер органына жүгінуге құқылы екенін қоғамға жеткізу. Құжатсыз адамдардың көбі ТМД елдерден жарамсыз паспорттармен келген немесе 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорт иелері», - дейді Ғани Шымырбаев.
Науқан нәтижесінде 4 686 құжатсыз адам анықталған. Олардың көпшілігі – Алматы (599), Қарағанды (541), Түркістан (426) Ақмола (326), Жамбыл (350) және облыстарында тұрады. Оның ішінде 2 431 адамға ҚР азаматының құжаты, 977 тұлғаға азаматтығы жоқ адамның куәлігі берілді. Кейін олар азаматтық та алады.
«Құжатсыз тұратын адамдарды анықтау бойынша Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен науқан жұмысы аяқталғанына қарамастан, аумақтардағы көші-қон қызметі бөліністері құжаттандыру жұмысын тұрақты негізде жүргізе береді», - деді Ғани Шымырбаев.