Қазақстанда 11 мамырда 1811 адамның анализінен коронавирус анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы мен адам өлімі бойынша екі күн бұрынғы мәліметті жариялап келеді. 10 мамырда 13 адамға коронавирус пневмониясы жұққаны анықталған. 21 адам өлімі тіркелген: 16 адам – коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.
Өткен тәулікте Алматыда – 391, Қарағанды облысында – 200, Нұр-Сұлтанда – 310, Алматы облысында – 162, Павлодар облысында – 111, Ақмола облысында 92, Батыс Қазақстан облысында 94 адамнан коронавирус анықталды. Шымкентте – 69, Ақтөбе облысында – 50, Атырау облысында – 70, Шығыс Қазақстан облысында – 91, Жамбыл облысында – 36, Қостанай облысында – 25, Қызылорда облысында – 28, Маңғыстау облысында – 41, Солтүстік Қазақстан облысында – 15, Түркістан облысында 26 науқас тіркелген.
Елде коронавирус алғаш анықталғалы бері (2020 жылдың 13 наурызы) 348 308 адамның Covid тесті оң шыққан. 3964-і қайтыс болған. Үкімет құрған арнайы комиссия ағзасынан вирус табылса да "коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болды" деген 1,5 мыңнан астам адам өлімі ресми статистикаға енгізілмеген.
Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі – коронавирус пневмониясына шалдыққандарды да Covid статистикасына енгізбеген. Бірақ өткен жылдың 1 тамызынан бері есепке ала бастады. Содан бері 53 584 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 842-і қайтыс болған.
12 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 1,7 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасы салынған. 670 мыңнан астам адам вакцинаның екі дозасын алған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 159,3 млн адамға жеткен. 3 млн 312 мың адам вирустан қайтыс болған. 95,3 млн адам жазылған.