24 қар, 2020 сағат 09:26

Қазақстанда 16 мыңға жуық шетелдік жұмыс істеп жүр

2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 832 шетелдік жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 658 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 430 (құрылымдық бөлімшелердің басшысы). Олардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 302 адам және 1 058 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа – 1 728 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 656 адам тартылды», делінген хабарламада. 

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 770 жұмыс беруші бар. Оларда 455 мыңға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшы санының 96 пайызы.

«Еңбекші мигранттар келетін негізгі елдер келесі: Қытай – 3 459 адам, Өзбекстан – 1 693 адам, Түркия – 1 621 адам, Үндістан – 1 145 адам, Ұлыбритания – 1 038 адам», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,32% немесе 29,3 мың бірлік.