04 мам, 2021 сағат 11:04

Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық адам екпе алды – Алексей Цой


Қазақстанда 1,5 миллионға жуық адам екпе алды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«4 мамырдағы жағдай бойынша республикадағы инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 42, ал реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі 28 пайызды құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың ең жоғары жүктемесі Нұр-Сұлтан қаласында 60, Алматы қаласында 57, Қызылорда облысында 59, Алматы облысында 56 пайызды, ал реанимациялық төсек-орындар жүктемесі Нұр-Сұлтан мен Батыс Қазақстан облысында 62, Алматы қаласында 52 пайызды құрап отыр», - деді министр. 

Оның дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында Спутник V, QazVaq, Hayat-Vaх вакциналары қолжетімді. 

«Шамамен 1,5 млн адам немесе халықтың вакцинациялауға жататын санатының 15 пайызы екпе алды», - деді Алексей Цой.