Қазақстанда 12 мыңнан астам әлеуметтік сала қызметкері тестілеуден өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталыш шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ҚР Еңбекмині) биылғы жылғы 23-27 қараша аралығында ұйымдастырмақшы. Ондағы мақсат әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру. Осы жұмыстар аясында әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорлары, жұмыспен қамту орталықтарының директорлары, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің меңгерушілері тестілеуден өтеді.
Тестілеу заңнамалық актілерді, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарттарын, әлеуметтік қызметкерлердің этикасына қойылатын талаптарды білу деңгейін анықтауға бағытталған.
Тестілеуден өтушілерге негізгі блокта заңнаманы, этикалық талаптарды білуге және практикалық міндеттерді шешуге арналған сұрақтар қойылады.
Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкердің функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті сапаның болуы мен деңгейін анықтау үшін психологиялық тест арқылы жеке сипаттамаларды өлшеу қарастырылған.
Осыған байланысты, мұндай тестілеу ел ауқымында алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, ҚР Еңбекмині шекті балл жинай алмаған адамдарға қатысты санкциялар қолданбайды. Шекті балл ала алмағандар үшін оқыту семинарлары мен қайта тестілеу ұйымдастырылады. Жоғары нәтижелерімен ерекшеленгендерді кейіннен лауазымын жоғарылату, республикалық және облыстық маңызы бар жобаларға қатысу үшін сарапшылар ретінде тарту үшін кадр резервіне қосу жоспарлануда. Сондай-ақ олардың кандидатуралары ҚР Еңбекмині жанындағы Әлеуметтік жұмыс жөніндегі сараптамалық кеңеске және өзге де жауапты қоғамдық қызметтерге енгізу үшін ұсынылатын болады.
«Сонымен қатар, тестілеу қорытындысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген адамдар үшін әлеуметтік жұмыстың озық технологиялары бойынша арнайы семинарлар ұйымдастырылады. Бұл жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының және Unicef Kazakhstan қолдауымен іске асыруда»,-делінген хабарламада.