24 қар, 2020 сағат 14:40

Қазақстанда 1-топтағы мүгедекті күту үшін жәрдемақы төлеу мәселесі пысықталуда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ІХ Азаматтық форумда мүгедектерді сырттай куәландыру жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мүгедектікті сырттай куәландыру – проблемалық мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта мүгедектік алатын адам бірнеше инстанциядан өтуге мәжбүр. Алдымен емханаға жүгінеді, содан кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға, сосын әкімдік бөліміне баруы керек. Жұмыс мәселесі туындаса, жұмыспен қамту орталығына да барады. Осы жұмыстарды азайту үшін біз сырттай куәландыруға ауысқымыз келеді. Мұнда тек емханада тексеруден өту керек болады, ал медициналық-әлеуметтік сараптама, консилиум сырттай өтеді. Яғни, жәрдемақы, жеке оңалту бағдарламасы автоматты түрде тағайындалады, оған қоса жұмыспен қамту орталығындағы қызметтерді автоматтандыруды жоспарлап отырмыз», - деді министр үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуде. 

Оның айтуынша, бірінші топтағы мүгедектерді күту бойынша бірыңғай жәрдемақы енгізу мәселесі де пысықталып жатыр. 

«Өкінішке орай, қазіргі заңнамада әлеуметтік тұрғыда әділетсіз болып көрінетін нормалар бар. Мысалы, біздің елімізде бірінші топтағы мүгедектігі бар 65 мың адам тұрады. Олардың 24 мыңға жуығы жеке көмекші қызметтерін, 4 мыңға жуығы – медициналық-әлеуметтік мекемелерде, 16 мыңға жуығы – бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасау жөніндегі жәрдемақыны пайдаланады. Бірақ заңнама бұл жәрдемақыны бала кезінен мүгедек болған жағдайда ғана енгізеді, ал ересек адам мүгедек болса ше? Сондықтан мұны түбегейлі өзгерткіміз келеді және барлығына бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасау бойынша бірыңғай жәрдемақы енгізгіміз келеді», - деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.